Тажис Мынжасар - Шежірем сыр шертсе
Все авторские права соблюдены. Напишите нам, если Вы не согласны.
Описание книги "Шежірем сыр шертсе"
Описание и краткое содержание "Шежірем сыр шертсе" читать бесплатно онлайн.
Автор әулет шежіресін 2 үлкен бөлімге бөліп жазған. Бірінші бөлімде кіріспе, жеті ата және қазақтар, қазақ хандығы мен жүздер сияқты шежіре, нәсіліміз бен шыққан тегіміз, мемлекеттілігіміз жайлы жалпы мағлұмат беретін мәселелерді қозғайды. Жеті ата тақырыбын қозғағанда бірқатар зерттеушілеріміздің осы мәселе жөнінде түйген ой-пікірлерін ортаға салады. Олардың ішінде Д.Қонаев, С.Мұқанов сияқты халқымыздың білгір, парасатты ұлдары да бар. Қай ел, қай халықтың тарихы жайлы сөз қозғамайық, оның алтын қазық арқауы, аттап өтуге, айтпай кетуге болмайтын тақырыбы − қашанда оның ныспы, атауы емес пе. Сондықтан автор шежіресін оны көп шежірешілер жеткізе айта алмай келе жатқан шығу тегіміздің сонау бастау көзі – қарға тамыр қазағымның «қазақ» деген атауы мен оның шығу тарихымен ұштастыра жазады. Қазақтар да бір түнде туып, бір күнде «қазақ» аталмағандығын, олардың да өзге ұлттар мен халықтар сияқты мыңжылдық тарихы бар ел екендігін тілге тиек етеді. Елбасымыздың Қазақстан халқына жасаған кейінгі жолдау сөздерінде елімізді текке "мәңгілік ел" деп атамағандығын, орайы келсе оны «Қазақ елі» деп атау мәселесін де көтергенін сөз етеді. Сөйтіп Қазақ этнонимінің шығу тарихына, "Қазақтар кімдер, қайдан шыққан?" деген салиқалы сауалға 2 тарауда ғалымдардың кеңес дәуірінде көкейтесті бола алмай, шаң басқан сөрелерде қалып қойған еңбектерінен үзінділер келтіреді. Сөйтіп бұл деректер қазақтардың тарих аренасына шығу жайын әрі қарай 5–6 ғасырларға қарай жылжыта түсетіндігін әңгімелейді. Қазақ хандығының құрылуы мен оның негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға қатысты фактілерді көпшілік білетін жалаң деректер негізінде емес, белгілі ғалымдардың жан-жақты айтылған пікірлеріне сүйене отырып, оның тарихи алғы шарттары мен әлеуметтік қыр-сырларын, ішкі психологиялық жай-жапсарларын ашып көрсетуге тырысады. Мұны шежіресінің 3 тарауында береді. Жүз мәселесі мен оның құрамдары, қалыптасу барысы жайлы, ондағы ру-тайпалар таңбалары хақында жазғанда да осы қағиданы ұстанады. Бұл турасында "Жүздер қашан, қайдан шыққан?" деген 4 тараудың бас жағында баяндап өтеді. Осы ретте Ұлы, Орта, Кіші жүз аталары мен олардың құрамына кірмейтін, бірақ халқымыздың құрамдас бөліктері болып табылатын өзге рулық топтар туралы да 5, 6, 7 тарауларда қысқаша болса да мағлұматтар беріп кетеді. Әулетінің бастау көзі болғандықтан Кіші жүздің Әлімұлы бірлестігіне кеңірек тоқталып, кейбір авторлар оны ондағы Алты ата Әлім атауымен әлі күнге дейін жиі шатастырып жазып жүргендіктен, 8–9 тарауларда бұл мәселенің жігін ашып, тігісін жазып, дұрыс түсіндіріп жазып беруге тырысады. Сонымен қатар кіші жүздің қаракесек бірлестігіне қарайтын шөмекей-сарықасқа шежірелерінде бұрындары айтылы қоймаған "Шу хақан" тарихы сияқты кейбір тың мәселелердің басын қозғап, ашып жазуға ниеттенеді. Мұнда б.з.б. өмір сүрген Шу хақан мен екі мүйізі қарағайдай әлемнің жарты бөлігін жаулап алушы әйгілі Ескендір Зұлқарнайын арасындағы жорық қимылдары баяндалады. Шөмекейдің атышулы көне ғұн тайпаларының ұрпағы екендігін дәлелдейтін, оның таңбасы шекіліп салынған археологиялық артефактілер, сосын Шу өзенінің атауына байланысты жазылған тарихи ақпараттар жайлы тың мағлұматтар береді. Сөйтіп бұлардың бәрі шөмекей тарихын әріге, көне замандарға ысырып тастайтындығына ұстамды дәлелдер келтіреді. Мағлұматтарын М.Х. Дулати, М.Қашқари, М.Тынышпаев, Әлкей Марғұлан сынды ғұлама, көне араб, қытай жазбаларын зерделеген бүгінгі таңдағы отандық өзге де белгілі, танымал ғалымдар еңбектерінен алған деректерімен шыншыл жазуға тырысады. Сонымен шежіресінің 1 бөлімін аты мен тарихы көп шежірелерден белгілі, отан қорғау жолында жоңғар соғыстарына қатысқан бабалары Келменбет батыр жайлы жазылған дастан, аңыздар мен одан тарайтын ұрпақтар кестесімен аяқтайды. Ал шежіренің 2 бөлімі осы Келменбет батырдан бастау алып, тарайтын ата-бабалары мен оның өзі білетін бүгінгі ұрпақтарына туралы жазылған тарихи естелік-эсселер, түрлі түсті фотоматериалдармен ашылады. СССР журналистер одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тажис Мыңжасар.
Біртұтас Ноғайлыда ыдыраушылықтың алғашқы нышандары шаң бергенде-ақ Ұлы Ноғай, Кіші Ноғай, Едисан, Едишкөл, Тоғыз, Жембойлық, Буджак ұлыстары көрініс тапты…
Еуропа саяхатшылары Еуразия кеңістігіндегі жері кең, халқы көп бірден-бір құрылым Ноғайлы жұрты деп білді. Бірақ саны қанша екенін кесіп-пішіп атамайды. Бұл орайда Ноғайлы жырларында «теңіздей толқыған Ноғайлы», «теңіздің құмындай сансыз Ноғайлы», «он сан», «отыз сан», «қырық сан» тіркестері жиі кезігеді. Бірақ бұл меңзеулерден халық мөлшерін шамалағанмен, анықтау мүмкін емес. Ноғай зерттеушісі А.И.-М.Сикалиев Ноғайлының санын 2 миллионға жеткізеді. Ал А.А.Тортика, В.К.Михеев, Р.Н.Кортиевтер Еділ мен Есіл, Кама мен Сырдария аралығында 1 млн. 700 мың халық тұрды, ал Ноғайлының атақонысы Еділ, Жем, төменгі Сырдарияда 750 мың деп көрсетіп, Ноғайлының санын осы мөлшермен шектейді…
Ноғайлы жеке шаңырақ көтерерде Дешті-Қыпшақта болып, Едіге туралы құнды деректер қалдырған Клавихо Едігенің ләшкері 200 мың деп көрсеткен. Ал «Қазан жылнамасы» Едігенің ұлдарының әрқайсысында 10 мың жасақ барын атаған. Ендеше, Ибн Арабшахтың Едігенің 20 ұлы туралы мәліметі шындық десек, Ноғайлы ләшкерінің саны 400 мыңнан кем болмаған. Ал ләшкерді жалпы халықтың төрттен бірі деп есептесек, Ноғайлы өтеніндегі халық саны 1 млн. 600 мың болып шығады» (Әнес Сарай. Ноғайлы. Ана тілі газеті. №47. 11-б. 2010 ж.). Бұл келтірген деректеріміз білсем деушілерге Қазақия құрамында болған «Ноғайлы» елі жөнінде құнды мәлімет беретін ақпар көздері.
Ал Әзірбайжан Республикасында бүгінге дейін Қазақ ауданы мен қаласының болуы (Әбілбек Нұрмағанбетов. «Қазақ ру, тайпалары атауының төркіні». «Ана тілі» газеті. 13.05. 1993 ж. 5 бет) біріншіден, олардың да баяғыда Қазақияның құрамында болғандығын, екіншіден, кезінде бірлі-жарымды қазақ руларының оларға ілесіп бірге көшкендігін, сөйтіп олардың қазірге дейін осы аталмыш мекендерде байырғы аттарын сақтап тұрып жатқандықтарын аңғартса керек.
Кезінде бәріміз май шам жарығымен жастанып жатып оқыған айтулы «Қобыланды батыр» жырының бір нұсқасында кездесетін:
«Қайта жинап ел қылып,
Қалың Қазақ қонысын",– деген
өлең жолдары да қазақ қауымдастығының ертеден келе жатқандығын, бірақ тарихтың тар жол, тайғақ кешу кезеңдерінде Керей мен Жәнібек заманына дейін де осылайша бір емес, бірнеше рет ыдырап, қайта біріккен ұлыс болғандығын көрсетеді. Ал осы жырдың:
"Қырық мың үйлі қияттан
Қырық мың әскер қол алып,
Ақ қара бас ту алып,
Қызылбасқа жол алып,
Көшірем деп Қазанды
Бұл да күшті мол алып,
Қарамандай батырдың
Қабағына қар қатты,
Кірпігіне мұз қатты.
Қазанның естіп хабарын
Ұйқы көрмей түн қатты.
Ноғайлыны алды,– деп,
Сүйекке таңба салды,-деп,"
(Ақсауыт. Батырлар жыры. "Жазушы" баспасы. Алматы. І т. 29 б.).
өлеңдетер келесі шумақтары қияттың ұлы Қараманның қарақыпшақ Қобыландымен үзеңгі тіресіп, үмбеттеріне жатпайтын ортақ жау–қызылбасқа қарсы бірге аттанулары да бұл екі жұрттың ноғайлы жұртымен бір кездері жан ашырлық жақын, бір Қазақ ұлысында болғандығын көрсетеді. Ал келесі:
"Шәһзатты қазірет,
Жарылқаушы құдірет,
Қызылбас басқа,
біз–үмбет",-
( Бұл да сонда. І т. 51 б.).
деген жыр жолдары қызылбастардың (парсылықтар) бұлар сияқты Қазақ ұлысына кіретін түбі бір түркі тайпасы емес, ділі мен діні бөлек бөтен жұрт екендігін тағы бір аңғартады. Халқымыздың ұмытылмас ақиық, саңлақ ақыны Жұбан Молдағалиев өзінің көпке танымал, кезінде елұранымызға да арқау болған, тау суындай сарқыраған рухты өлең жолдарымен «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп қатулана жырлағанда қазақ халқының тап осылайша бірде бірігіп, бірде ыдырап, басынан сансыз көп қысылтаяң, қиын шақтарды өткізген тарихи жағдайын меңзесе керек.
Тарихтың дәл осындай сын сағаттарында Қазақияның құрамынан оның біраз ру-тайпалары біртіндеп шығып, жаңа қоныс іздеп, көшіп отырған. Кезінде черкестерге де, қарашайларға да, балкарларға да, құмықтарға да, ноғайларға да осылай істеуге тура келген. Бірақ біз жақсы білетін бір жайт Қазақияның құрамына бірі қалмай кіріп, басқа түссе баспаққа дегендей, басқалар көшіп жатса да олар көшпеген, сол бағзы заманнан осы күнге дейін атын да, затын да сатпай, атауы аңызға айналған қоныс орнын да өзгертпей, біздерге мен қазақпын деп жеткен бірден бір тайпалар дені алшын мен қыпшақ, қаңлы тайпалары екендігі ендігі жерде ешбір күмән туғызбайды. Жоғарыда келтірілген фактілер мен бұл рулар Қазақстанның сол кездегі Қазақияға қараған батыс, оңтүстік-батыс аймақтарын күні бүгінге дейін мекендеп отырғандығы соның айқын айғағы.
Сонымен Қазақияның қасиетті қарашаңырағы бүгінгі қазақтардың ішінде алдымен соларға бұйырып, ғасырлар қойнауынан бүгінге дейін оның атын, ділін, тілін сақтап, ошақтағы отын өшірмей жеткізу алдымен солардың еншісіне тиіпті, Қазақия құрамына алдымен кірген де, алдымен қазақ атанған да сол ру-тайпалар деуге әбден болатын сияқты.
Мана әңгімеміздің арасында арқаның арғындары да алшындармен бірге Алтайдан асып келген ру-тайпа екендігін тілге тиек еткенбіз. Өйткені Алтайдан бізге дейін созылған Ресей жерінде сақталып қалған жағрафиялық топонимдерден оларға да қатысты аргу, яргу тәріздес қоныс атаулары ұшыратылған еді. Бірақ олар алшындармен бірге Алтайдан асқанымен, батысқа қарай жылжып, Қазақияны құруға қатысты ма, әлде көш басын сол арқа жеріне тіреп, сонда табан тоқтатып қалып қойды ма ол жағын біз білмейміз. Бұл жөнінде бізде ақпар жоқ.
Бірақ арғындардың Алтайдан асып, арқа жеріне жетіп, тоқтағандары жөнінде жазба деректер де бар. Арқадағы арғындар жөнінде атағы төрткүл дүниеге мәлім әйгілі жиһангер, ғалым Марко Поло да, шығыстанушы, Орта Азия мен Қазақстан тарихын жете зерттеуші белгілі ғалым Н.А.Аристов те жеткізе жазды. Ал аты шығыс елдеріне мәшһүр ғалым В.В.Бартольд еңбектері мен Қазақ Совет энциклопедиясында бұл турасында: "Тарихи мәліметтерде А. аты бірнеше түрде кездеседі: Ғын, Ғұн, Ақ Ғұн, Қара Ғұн, Аруғ-Ғун, Тағ-Ғун. Мұндағы Ақ-Ғун, Аруғ-Ғұн–екеуі бір мәнді сөз. Мұндай аттар ежелгі тайпалар арасында жиі кездеседі… Әл-Бируни мен Ауфидің көрсетуі бойынша, Ғұн (Құн) одан бұрын Алтай тауының төңірегінде, Обь өзені бойында болған. Кайы (Оғыз) тайпасының Батысқа қарай жылжуына байланысты Ғұндар да қозғалып, "Сары" деген жерге келіп орналасады. И. Маркварттың зерттеуі бойынша, бұл уақиға 7 ғ-да болған. Ғалымдар "Сары" деген жерді Монғолиядан, Қашғариядан, Түркмениядан іздеп таба алмаған. Ғұндардың Ертіс бойындағы қыпшақтарды ығыстыруына қарағанда, олардың келіп тоқтаған жері Сары [Арқа] екені байқалады. Ауфидің жазуы бойынша, бұл геогр. атау сол кезде-ақ қолданылған (Бартольд В.В., Соч., т. 5, с. 395). Дешті Қыпшақта (Сарыарқада) жасаған А-дар Қыпшақ тайпасымен көршілес отырады. Қазақ шежіресі де солай дейді",-делінген (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1972 ж. 1 т. 450–451 б.б.). Бұлар басқа жағын болмаса да арғындардың Алтайдан асып келгендігін дәлелдейтін деректер.
Бүгінде Ресейдің құрамына кіретін Алтай өлкесінен берілетін кабелді телеарна хабарларын тамашалай қалсаңыз, оның халқының түр-түсі, киім-киісі, той тойлайтын әдет-дәстүрі, шаруашылық тірлігі, мереке күндеріне арнап тігетін киіз үйлері, айтатын ән ырғақтары мен сөйлеу мәшіні біздікіне өте ұқсастығымен қатты таңқалдырады. Сөз жоқ, бұл сонау әлімсақ заманда Алтай жерінде қалып қойған өзімізге туысқан тайпалар жұрнағы екендігі дәлелдеуді қажет етпейді.
Ел арасында жиі айтылып жүрген «Алтайдың ар жағынан келген ару» деген Тынышбай Рақымның әні де кезінде сол жақтан келген туысқан ару қызға арналған әсем ән екендігі күмән туғызбайды. Бұл да біздердің, қазақтардың дені Алтайдан асып келген халық екендігімізді растайтын тағы бір дәлел.
Сонымен сөзімізді түйіндерде жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйене отырып, көне Қазақияның қарашаңырағы кезінде одан бөлініп кеткен бүгінгі черкес, қарашай, құмық, балкар, кабарды, абазиндер емес, одан қалған тәбәрік–Қазақияның байырғы қазақ атын бүгінге дейін ұмыттырмай жеткізген, кейін ұлы жүз–Үйсін, орта жүз–Арғын, кіші жүз–Алшын деп үш тарау ел болып біріккен біздер, бүгінгі қазақтар дегіміз келеді.
Подписывайтесь на наши страницы в социальных сетях.
Будьте в курсе последних книжных новинок, комментируйте, обсуждайте. Мы ждём Вас!
Похожие книги на "Шежірем сыр шертсе"
Книги похожие на "Шежірем сыр шертсе" читать онлайн или скачать бесплатно полные версии.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Отзывы о "Тажис Мынжасар - Шежірем сыр шертсе"
Отзывы читателей о книге "Шежірем сыр шертсе", комментарии и мнения людей о произведении.






