Тажис Мынжасар - Шежірем сыр шертсе
Все авторские права соблюдены. Напишите нам, если Вы не согласны.
Описание книги "Шежірем сыр шертсе"
Описание и краткое содержание "Шежірем сыр шертсе" читать бесплатно онлайн.
Автор әулет шежіресін 2 үлкен бөлімге бөліп жазған. Бірінші бөлімде кіріспе, жеті ата және қазақтар, қазақ хандығы мен жүздер сияқты шежіре, нәсіліміз бен шыққан тегіміз, мемлекеттілігіміз жайлы жалпы мағлұмат беретін мәселелерді қозғайды. Жеті ата тақырыбын қозғағанда бірқатар зерттеушілеріміздің осы мәселе жөнінде түйген ой-пікірлерін ортаға салады. Олардың ішінде Д.Қонаев, С.Мұқанов сияқты халқымыздың білгір, парасатты ұлдары да бар. Қай ел, қай халықтың тарихы жайлы сөз қозғамайық, оның алтын қазық арқауы, аттап өтуге, айтпай кетуге болмайтын тақырыбы − қашанда оның ныспы, атауы емес пе. Сондықтан автор шежіресін оны көп шежірешілер жеткізе айта алмай келе жатқан шығу тегіміздің сонау бастау көзі – қарға тамыр қазағымның «қазақ» деген атауы мен оның шығу тарихымен ұштастыра жазады. Қазақтар да бір түнде туып, бір күнде «қазақ» аталмағандығын, олардың да өзге ұлттар мен халықтар сияқты мыңжылдық тарихы бар ел екендігін тілге тиек етеді. Елбасымыздың Қазақстан халқына жасаған кейінгі жолдау сөздерінде елімізді текке "мәңгілік ел" деп атамағандығын, орайы келсе оны «Қазақ елі» деп атау мәселесін де көтергенін сөз етеді. Сөйтіп Қазақ этнонимінің шығу тарихына, "Қазақтар кімдер, қайдан шыққан?" деген салиқалы сауалға 2 тарауда ғалымдардың кеңес дәуірінде көкейтесті бола алмай, шаң басқан сөрелерде қалып қойған еңбектерінен үзінділер келтіреді. Сөйтіп бұл деректер қазақтардың тарих аренасына шығу жайын әрі қарай 5–6 ғасырларға қарай жылжыта түсетіндігін әңгімелейді. Қазақ хандығының құрылуы мен оның негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға қатысты фактілерді көпшілік білетін жалаң деректер негізінде емес, белгілі ғалымдардың жан-жақты айтылған пікірлеріне сүйене отырып, оның тарихи алғы шарттары мен әлеуметтік қыр-сырларын, ішкі психологиялық жай-жапсарларын ашып көрсетуге тырысады. Мұны шежіресінің 3 тарауында береді. Жүз мәселесі мен оның құрамдары, қалыптасу барысы жайлы, ондағы ру-тайпалар таңбалары хақында жазғанда да осы қағиданы ұстанады. Бұл турасында "Жүздер қашан, қайдан шыққан?" деген 4 тараудың бас жағында баяндап өтеді. Осы ретте Ұлы, Орта, Кіші жүз аталары мен олардың құрамына кірмейтін, бірақ халқымыздың құрамдас бөліктері болып табылатын өзге рулық топтар туралы да 5, 6, 7 тарауларда қысқаша болса да мағлұматтар беріп кетеді. Әулетінің бастау көзі болғандықтан Кіші жүздің Әлімұлы бірлестігіне кеңірек тоқталып, кейбір авторлар оны ондағы Алты ата Әлім атауымен әлі күнге дейін жиі шатастырып жазып жүргендіктен, 8–9 тарауларда бұл мәселенің жігін ашып, тігісін жазып, дұрыс түсіндіріп жазып беруге тырысады. Сонымен қатар кіші жүздің қаракесек бірлестігіне қарайтын шөмекей-сарықасқа шежірелерінде бұрындары айтылы қоймаған "Шу хақан" тарихы сияқты кейбір тың мәселелердің басын қозғап, ашып жазуға ниеттенеді. Мұнда б.з.б. өмір сүрген Шу хақан мен екі мүйізі қарағайдай әлемнің жарты бөлігін жаулап алушы әйгілі Ескендір Зұлқарнайын арасындағы жорық қимылдары баяндалады. Шөмекейдің атышулы көне ғұн тайпаларының ұрпағы екендігін дәлелдейтін, оның таңбасы шекіліп салынған археологиялық артефактілер, сосын Шу өзенінің атауына байланысты жазылған тарихи ақпараттар жайлы тың мағлұматтар береді. Сөйтіп бұлардың бәрі шөмекей тарихын әріге, көне замандарға ысырып тастайтындығына ұстамды дәлелдер келтіреді. Мағлұматтарын М.Х. Дулати, М.Қашқари, М.Тынышпаев, Әлкей Марғұлан сынды ғұлама, көне араб, қытай жазбаларын зерделеген бүгінгі таңдағы отандық өзге де белгілі, танымал ғалымдар еңбектерінен алған деректерімен шыншыл жазуға тырысады. Сонымен шежіресінің 1 бөлімін аты мен тарихы көп шежірелерден белгілі, отан қорғау жолында жоңғар соғыстарына қатысқан бабалары Келменбет батыр жайлы жазылған дастан, аңыздар мен одан тарайтын ұрпақтар кестесімен аяқтайды. Ал шежіренің 2 бөлімі осы Келменбет батырдан бастау алып, тарайтын ата-бабалары мен оның өзі білетін бүгінгі ұрпақтарына туралы жазылған тарихи естелік-эсселер, түрлі түсті фотоматериалдармен ашылады. СССР журналистер одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тажис Мыңжасар.
Бөліп-жарып айтатын несі бар, қазақпыз деп отырған осы алшындар мен Жетісу, Сарыарқаны ес білген ежелгі кезден мекен еткен ұлы және орта жүз тайпалары қазақтығымыздан бұрын да бір кездері шекарасы Алтайдың арғы жағынан Каспий жағалауына дейін созылған, тілі де, ділі де, салт-дәстүрі де бір, атақты Фирдоуси «Шаһнамасында» жырлаған, әйгілі Апрасиаф (Алып тұлға) баһадүр билеген Ұлы Тұран мемлекетін құраушы, о бастан-ақ туысқан, түркі қандас, бір ұлыстың жұрттары болғандығы еш талас тудырмайды. Қазахия, біздіңше, осы Тұран мемлекеті ыдырағаннан кейін құрылған Түрік, Шығыс Түрік, Батыс Түрік, Түркеш қағанаты секілді көп бірлестіктердің бір сынығы.
Қазақтың біртуар, мұзбалақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың атақты «Түркістан» атты өлеңінің мына жалынды жолдары да байырғы қазақтардың Ұлы Тұраннан қалған қарашаңырақ екендігін айғақтайтын жыр тармақтары екендігінде дау жоқ:
Тұранда түрік ойнаған ұсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қарашаңырақ қалған жоқ па?
«Түркістан». Шығармалары. "Жазушы" баспасы. Алматы. 1989 ж., 173 б.
Сонымен жоғарыда келтірілген деректер, оның ішінде Қазахия құрамына кірген көне ру-тайпалар атауының бүгінгі қазақ елі құрамындағы заманауи ру-тайпалар атымен сәйкес келетіндігі, солардың ру-тайпалық таңбалары мен бүгінгі біздердің ру таңбаларымыздың бір-біріне судың егіз тамшысындай ұқсастығы көне Қазақ ұлысы мен бүгінгі Қазақ мемлекетінің туысқандығын танытатын, ежелгі «Қазақия» өзге мемлекет емес, бір кездері өз бабаларымыз құрған ел, біз ұлт атауын содан алып қалғандығымызға айғақтайтын бұлтартпас дәлелдер.
Ендеше, «Қазақия» еліміздің сонау замандардағы бастау бұлағы болса оның тарих аренасынан алғаш көрінген уақытының да біздер үшін аса маңызды дата екендігі өз-өзінен түсінікті. Бұл Қазақстан кеше ғана құрылған мемлекет емес, мыңжылдық тарихы бар көне өркениетті ел екендігін растайтын дерек. Бірақ мұның байыбына барып, ойланып жатқан шенеунік, ғалымдарымызды көрмедік.
Оларға бәрібір сияқты. Тіпті кейбіреулері бұл мәселені шешуге келгенде кежегелері кейін тартып жүр. Тарих ғылымының докторы, профессор Зардыхан Қиянатұлының «Біз тарихтан қазақтың өз орнын іздеп жүрміз» деген «Жас алаш» газетінің 2005 жылғы 112 нөмірінде берген интервьюнде: «Қазақтың тегін сақтардан бастап қарастырған дұрыс дегенді қытайлық ғалымдар айтып келеді. Моңғолдар біздің халықты ХII ғасырда-ақ «Қайсақтар» деп атаған, қазір де солай ойлайды. Өзіміздің қазақ тарихшылары Қазақ мемлекеттілігін 1465–1466 жылдардан асыра алмай жүр, қайсыбірі тіптен асырғысы да келмейді», - деп таусыла сөйлеуінің түп төркіні, міне, осында жатыр. Ғалымның мұнысын қазақ атауы мен тарихының өте әріден бастау алатындығын әлі күнге дейін мойындамай келе жатқан билік пен ресми ғылыми орындарға деген қынжылысы, өкініші, жанайқайы деп түсінуге де болады.
Сонымен қорыта айтар болсақ, М.Тынышпаев қазақ халқының тамырын тарих атасы деп тегін аталмаған сонау көне Геродот (б.з дейінгі 490–425 жылдар аралығында өмір сүрген, скифтер (сақтар) туралы алғаш рет көлемді, жүйелі еңбек жазған көне грек тарихшысы) пен Страбон (б.з дейінгі 64–б.э. 24 жылдар аралығында өмір сүрген көне грек географы, тарихшысы) заманына дейін жеткізсе, тюрколог-ғалымдар З.Қиянатұлы мен Т.И.Сұлтанов, С.Г.Кляшторный, тарих зерттеушісі А.Айзахметовтар, керек десеңіз, оларды Қазақия дәуірінен де әрі асырып, сонау біздің заманымызға дейінгі әлімсақ дәуірде өмір сүрген қайлар мен сақтар кезеңінен өрбіткісі келеді. Егер дәлелдері ғылыми тұрғыдан нанымды, ойға қонымды болып шығып жатса несі бар дегіміз келеді.
Қазақия жөнінде бұл келтірген деректеріміз толық емес екендігі анық. Шама-шарқымызша ғана жаздық. Біздіңше, мұнымен, жоғарыда айтпақшы, Қазақияның атын атап, түсін түстеп бере алар маман ғалымдар, оның ішінде ғылыми деректерге сүйене отырып, оның аяқ тіреп, шатыр тіккен, жамбасы тиген ата қонысы бүгінгі қазағымның кең байтақ, сайын сары даласының қай жерлерін кесіп өткендігін дұрыс нобайлап, сызып бере алатын тарихшы-картографтар да айналысқаны жөн ғой деп ойлаймыз. Әзірге жоғарыда келтірілген зерттеу деректеріне сүйене отырып, қазақтардың түп негізі мен атауы, жоғарыда айтып кеткендей, берісі IV–VII ғасырларда Ұлы қоныс аудару заманында Алтай баурайынан көшіп, Дешті Қыпшақтың батысын, Қара теңіз бен Каспий теңізі аралығын мекендеген Қазақия тайпаларынан, ал арысы біздің заманымызға дейінгі кайлар мен сақтар, Апрасиаф пен Дарийлердің кезіндегі косоктардан тарайды деп айтуға толық негіз бар. Демек, әңгімемізді тамамдай келе, біздердің бүгінгіше қазақтар деп аталуымыз ең кемі осы кездерден басталады дегіміз келеді.
Өкінішке орай, үлкен зерттеуші, тамаша жазушылардың бірі, Қазақ Совет энциклопедиясы редакциясында оның қазақ тарихы бөлімін ұзақ жылдар жемісті басқарған, кезінде қызметтес ұстазым да болған марқұм Байұзақ Қожабековтің кейін жазған "Қазақия" (1999 ж.) кітабын, ауыл шалғай, уақыт тапшы демекші, дер кезінде қолға түсіріп, саралай алмадым.
Қазақ атауының шығу тегіне қысқаша болса да тоқталып кеткесін, ендігі жерде Сол Қазақияның жұрнағы–қазағымның басын қайта қосып, бүтіндеп, оны бүгінгі ұлт, мемлекет дәрежесіне жетерліктей етіп өзінің тарих атты тай қазанында сомдап шығарған әлеуметтік-саяси процесс барысы туралы айтпай кетпеске болмайды. Ол–қазақ хандығы жайлы әңгіме. Қазақ тарихы қазақ хандығынсыз сыңаржақ дүние іспеттес. Өйткені қалай қазақ болғанымызды білгеннен кейін, қалай қазақ мемлекетін, қалай оның алтын ұя бесігі–қазақ ұлтын құрғанымызды да білуіміз керек емес пе? Ендеше, әңгімеміздің ендігі алтын арқау, күміс қазығы қазақ хандығы мен ұлтының қалыптасу процесі жайлы болмақ.
3 бөлім
ҰЛТТЫҒЫМНЫҢ ҰЛЫ БЕСІГІ – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫМ
Қазағым тарихын білмейтін тексіз, жеті атасын білмейтін жетесіз емес. Біз кімбіз, қайдан шықтық, қайда бара жатырмыз деген ежелден келе жатқан ескі сауалға әрқашан ежіктемей тура жауап бере алуымыз үшін өз шежіреміз туралы әңгімелемес бұрын алдымен қазағымның қасиетті қарашаңырағы, ұлттық мемлекеттілігіміздің тұңғыш белгісі – Қазақ хандығының құрылуы жайлы айтып кетуді жөн көрдік.
Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған көшпелі қазақ тайпаларына сайыпқыран Әбілхайыр хан басқарған «Көк ордадан» бөлініп шығуға 1456–1457 жылдары ғана мүмкіндік туды. Бұл үшін олар Сығанақ қаласы төңірегіндегі «Көкқашан» деген жерде мұздай қаруланған хан ләшкерінің тас-түйін бекінген жоңғар қонтайшысы Үз Темір әскерінен оңбай, ойсырай жеңіліп, әлсіреп қалған тұсын ұтымды пайдаланып кетті.
Ешбір билеуші ешкімді ешқашан қан-төгіссіз өз еркімен босатып жібермесе керек. Сансыз көп жансыздары мен тыңшылары бар қанқұйлы, айлакер Әбілхайыр хан мен оның өзге жақтастары қос сұлтан мен олардың төңірегіне топтаса бастаған жұрт пиғылын білмей қалды деу әсте қиын. Олар білмеді емес, бұрыннан-ақ біліп келді. Бірақ іштен шыққан жау жаман демекші, қан мен тегі бойынша ұйымдасып үлгерген топтың күшін сезінгендіктен оларға ашықтан-ашық қарсы шығып, істі өз қолдарымен асқындырып, насырға шаптырып алғысы келмеді деп санаймыз. Кейін бұлар бөлініп, ауа көшкенде де «болар іс бәрібір болмай қоймады» дегендей соңдарынан әскер шығарып, қумағандықтары содан шығар деп ойлаймыз.
1456 жылы Әбілхайыр ордасынан үдере көшкен қазақтарды Моғолстан ханы Есенбұға құшақ жая қарсы алды. Не дос, не жау екендігін білмейтін мекенге қазақтардың әй-шәй жоқ баса-көктеп бара қоймайтындығы, мұндайда жер иесінің ашық қабақ танытатын келісімі керек екендігі бесенеден белгілі. Өйтпейінше бұл – өзгенің жерін басып алу, тартып алу, соғыс деген сөзбен парапар түсінік. Демек, бұл – жоғарыда ғалымдарымыз біліп айтып кеткендей, Керей, Жәнібек сұлтандар мен Есенбұға хан арасында көшіп-қону мәселесіне қатысты ертеден-ақ елшілік жүріп, бұрыннан-ақ екі жақтық келісім-шарт жасалып, белгілі дайындық жұмыстары болғандығын, Қазақ хандығын құру тосын емес, ілгеріден ойластырылған іргелі іс-шара екендігін аңғартады.
Подписывайтесь на наши страницы в социальных сетях.
Будьте в курсе последних книжных новинок, комментируйте, обсуждайте. Мы ждём Вас!
Похожие книги на "Шежірем сыр шертсе"
Книги похожие на "Шежірем сыр шертсе" читать онлайн или скачать бесплатно полные версии.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Отзывы о "Тажис Мынжасар - Шежірем сыр шертсе"
Отзывы читателей о книге "Шежірем сыр шертсе", комментарии и мнения людей о произведении.






